Балабақшада білім мен тәрбие берудегі инновациялар

Қазіргі кезеңде білім ғылым саласында инновациялық педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымдардың біріне айналды.

Автор: Бесжанова Гулим Зейнуллаевна

Современные инновации в образовании

Фрагмент для ознакомления

Қазіргі кезеңде білім ғылым саласында инновациялық педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымдардың біріне айналды. Егеменді елдің жас ұрпақтарын тәрбиелеу, талапқа сай білім беру, бүгінгі күннің уақыт күттірмес мәселелерінің бір болып табылады. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан бастап осы ұстанымды басшылыққа алып келеді. Қазіргі таңда еліміздің білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты – ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында: «Бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құруға бағытталған қазақстандық білім беру реформасының негізгі мақсаттарының бірі – жаңаша оқытудың әдіс-тәсілдері арқылы баланың бойында шығармашылық ойлауды, бастамашылықты дамыта отырып, жеке тұлға тәрбиелеу». Мектепке дейінгі жастағы балаларды оқыту жүйесіне инновациялық технологиялар негізінде әзірленген ақпараттық технологиялар, электронды оқу-әдістемелік кешендері енгізілуде. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың инновациялық технологияларын ендіру негізінде білім беру үрдісін жаңғырту. Заман талабына сай білім мен тәрбие беру мектепке дейінгі мекемелердің алдына қойған ең басты мақсат. ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры болғандықтан адамзатқа компьютерлік сауаттылық қажет. Білім берудің негізгі мақсаты – білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін талап етеді. Ақпараттандыру технологиясы дамыған заманда мемлекетіміздің болашағы жас ұрпаққа заман талабына сай білім беріп, жан-жақты дамуына ықпал ету тәрбиешіден шығармашылық ізденісті, үлкен сұранысты талап етеді. Осы мақсатты жүзеге асыруда ақпараттық технологияны пайдалану әдісі зор рөл атқарады. Осы орайда ел Президенті Н. Ә. Назарбаевтың халыққа жолдауындағы «оқу үрдісінде ақпараттық технологияларды білім беру саласын жақсартуда қолданыс аясын кеңейту керек» деген сөзін басшылыққа ала отырып, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелей отырып, оқыту үрдісіне жаңа ақпараттық коммуникативтік технологияларды кеңінен қолдануды негізге алдым. Осыған байланысты мына мәселелерге назар аудару керек:  Тәрбиеші сәтсіз өткен оқыту іс-әрекеттерінде өзіндік талдау жасап, өз кемшілігін іздеуге әрекет жасау керек;  Тәрбие мен оқытуда педагогикалық, ынтымақтастық, ғылыми-әдістемелік, тың ізденістерге сүйене отырып жаңашылыққа талпыну қажет;  Тәрбиеші күнделікті әр оқыту әрекетіне шығармашылықпен дайындалуы керек. Өйткені, сабақ тәрбиешінің өнері, шығармасы. Сондықтан әр әрекетті тиімді ұйымдастыруда баланы жалықтырмайтын, қабілетін арттыратын жағдай туғызуға ықпал етуіміз керек. Қазіргі өмірдің өзінен туындап отырған талаптарды орындау, жаңашылдыққа жаршы болу үзіліссіз тәрбие негізінің бастау бұлағы мектепке дейінгі ұйымдардан басталады. Бала тәрбиесі отбасынан бастау алады десек те, ғылымға негізделген әдіс-тәсілмен берілетін тәлім-тәрбие ісі көбінесе балабақшадан басталып, жан-жақты педагогикалық өрісін табады. Әсіресе балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы ізгілікті, мағынасына өшпейтін із қалдырады. Мектепке дейінгі мекемелерде инновациялық білім беру құралдарын қолданудың да маңызы зор. Инновациялық білім беру құралдары: аудио, видео, компьютер, интерактивті тақта, интернет, мультимедиялық құрал, электрондық оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендер, инновациялық сайт және т. б. жатады. Интерактивті тақта ақпаратты кеңінен ұсыну құралы болып келеді және баланың мотивациясын күшейтеді. Жаңа заман баласы ертеңгі еліміздің болашағы. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін, тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай туғызу керек. Ол үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығына байланысты. Білім беру жүйесінде педагогикалық технологияны қолдану негізінде келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына жағдай жасау әрбір педагогтың міндеті болып табылады. Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру ұйымында инновациялық технологиялардың қолданылуы жемісті нәтиже беруде. Жас ұрпақтың тәрбиелі, білімді, жеке тұлға болуына жол сілтейді. Әл-Фараби атамыз айтқандай: «Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көреген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» - дейді. Бүгінгі күн – бәсекелестік пен жоғары технологияның, ғылым мен білімнің заманы. Сондықтан біз педагогтар қауымы тәрбиелі де білімді, жаңа инновациялық технологияны меңгерген, заман ағымына сай болуымыз керек. Білім берудің алғашқы деңгейлері балабақшадан басталмақ. Оның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі балалардың білім алуына бірдей, бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Кез келген оқыту технологиясы тәрбиешіден терең теориялық, педагогикалық әдістемелік білімді, педагогикалық шеберлікті, балалардың жан дүниесіне терең үңіліп, оны ұғына білуді талап етеді. Заманауи ақпараттық технологияларды сауатты қолдану балаларды оқуға ынталандыруға зор әсерін береді. Нақты шынайы нәрселерді құруға немесе құбылысты түспен, қозғалысты дыбыспен түрлендіруіне мүмкіндік береді. Бұл балалардың қабілеттерін мейлінше кеңінен ашуға, ақыл-ой әрекетін белсендіруге ықпал етеді. Дамыта оқыту технолгиясын балабақшада пайдаланауда тәрбиешінің басты міндеті оқу материалдарын балаға дайын күйінде емес, баламен бірлесіп, жалпы іс-әрекетті ұйымдастыра отырып, алға қойған міндеттерді түсіндіру, сөздік қоры мен тілдің арасындағы байланыстылыққа аса көңіл бөлу. Дамыта оқыту технологиясының ой толғаныс әдісі ұйымдастырылған оқу қызметінің тақырыбын ашуда қолданылады, мысалы, жұмбақ шешу, сөзжұмбақ, суретті ребустар арқылы. Ассоциация әдісінде берілген тақырып бойынша балаларда қандай ой туады соның барлығы сол сөздің жан-жағына жазылады немесе суреттер қойылады, мысалы, «Жалпы отбасы» - ата, әже, әке, ана, аға, әпке, іні. Салыстыру әдісінде балалар обьектілер арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты анықтайды, мысалы, алма мен қызанақтың ұқсастығы мен айырмашылығын айтады. Раунд-Робин әдісі өткен немесе жаңа тақырыпты бекіту үшін қолайлы тәсіл. Мұнда әр бала берілген тақырып туралы біледі, мысалы, «Гүлдер» тақырыбында: гүл – өсімдік, әдемі, жұлуға болмайды, анамызға достарымызға сыйлаймыз. Топтау әдісінде балаларды деңгейлеріне қарай бірнеше топқа бөледі де, өздері орындай алатындай топтық тапсырма береді, мысалы, «Пішіндер» тақырыбында: 1-топ: үлестірмелі картадағы бейнеленген суреттерден геометриялық пішіндерді тауып, көрсету, атын атау. 2-топ: жіпті пайдалана отырып, әртүрлі пішіндерді жасау. 3-топ: санағыштан үшбұрыш пен төртбұрышты құрастыру. Дамыта оқытудың нәтижелі болуы тәрбиеші мен тәрбиеленушінің арасындағы жаңаша қарым-қатынас арқылы ғана өз жемісін береді. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев жыл сайын халыққа жолдауын Қазақстан азаматтарының денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын ынталандыру егемендіктің кілтін ұстар жастардың болашағына апаратын, алтын сүрлеу десе болады. Сондықтан бала денсаулығын нығайтып, психологиялық сақтандыруды жүзеге асыру және оның насихаттау шараларын белсендірек жүргізу балабақшадан басталады. Мектепке дейінгі мекеменің ең басты міндеттерінің бірі – бала денсаулығын сақтау және байыту. Денсаулық сақтау технологиясында – балалардың мықты, шымыр етіп өсіріп, құлқына жайдарлықты дарыту тек ата-аналардың ғана мәселесі емес, сонымен қатар, әрбір мектепке дейінгі ұйымның міндеті болып отыр. Мектепке дейінгі балалардың дене шынықтыру тәрбиесіндегі негізгі мәселесі – денсаулық күйін жақсарту мен физиологиялық даму, жұмысқа қабілеттілігін арттыру, даму үстіндегі жас функционалды мүмкіндіктерін кеңейту мен қозғалыс, қимыл дағдыларын қалыптастыру. Дене шынықтыру тәрбиесі балалардың бойында салауатты өмір сүруге, күнделікті физикалық жаттығулар жасауға, спортқа деген қызығушылықты арттыра отырып, ойлау қабілетін дамытып, сол арқылы тұлғаның үйлесімді дамуын қалыптастыру. Мықты денсаулықтың, дененің жетілуінің, жоғары жұмыс қабілетінің негізі – осы мектеп жасына дейінгі балалық шақта қаланады. Сонымен қатар балабақшада құм терапиясын да пайдаланған жөн. Құм балаларға магнит сияқты әсер етеді, олар не істеу керектігін түсінем дегенше, олардың қолы өздігінен құмды шашып, тунельдер мен қаланы сала бастайды. Егер оған әртүрлі пішінді құммен ойнауға арналған ойыншықтарды қосса, онда ғажайып әлем пайда болып, бала сол әлемге толығымен кіріп кетеді. Құммен ойнау баланың психологиялық ауыр күйлерден арылуға септігін тигізеді, бала өзге, өз әлеміне, құм әлеміне аяқ басып, өзінің ғажап ойларын құмда іске асырып, ішкі сезімдерін реттеуге, бағындыруға, басқаруға септігін тигізеді. Бала құммен ойнау барысында өзінің терең эмоциялық сезімдерін шығара алады, ол бастан өткергенді және қорқыныш сезімдерінен арылады. Құм баланың әрекетіне әсер етеді. Балабақшадағы балаларға құммен ойнаудағы бірнеше жаттығуларды ұсынуға болады. Мысалы, «Сәлеметсің бе, құм?» жаттығуында баланың психологиялық тежелуін қалыпқа келтіру. Тәрбиеші балалардан «құммен амандасуды» сұрайды, балалар әртүрлі әдіспен құмға қол тигізеді, құмға кезекпен бір-бірлеп саусақтарын тигізеді, сосын екінші қолын, соңында түгел саусақтарын тигізеді, жұдырығына құмды сәл не қаттырақ қысып, сосын оны жайлап құмдыққа төгеді. Құмға алақанын түгел қояды, алдымен ішкі, сосын сырт жағымен, құмды саусақтарымен, алақанымен үйкелеп көреді. «Құмды жаңбыр» жаттығуы, балаларда бұлшық ет тежелуін, әлсіреуді қалыпқа келтіреді, бала жәймен, сосын тез құмды өз алақанынан құмдыққа, өз алақанына, тәрбиешінің алақанына себелейді, көзін жұмып, құмға алақанын қояды, тәрбиеші оның бір саусағына құм себеді, ал бала сол саусақты атайды. Осындай терапияның негізгі мақсаты – баланы өзгерту емес, оны қажетті іс-әрекетке үйрету емес, өзі болуға мүмкіндік беру. Қорыта келе айтатын болсам, аталған педагогикалық технологиялармен инновациялық құралдар балабақшада балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп, әр сатыға балалардың қабылдау мүмкіндіктеріне сай пайдалануға болады. Кей балалардың есте сақтау қабілеті әлсіз, қабылдау процестері тұрақсыз келеді. Сондықтан олар затты қолмен ұстап, көзбен көргенді ұнатады, сол үшін оқу қызметінде, көрнекілік, ойын технологиясының элементтерін қолданған дұрыс. Заманауи инновациялық әдістерді мектеп жасына дейінгі балаларды дамуында қолдану арқылы, балаларды шаршатпай, жалықтырмай, жан-жақты дамуына тигізер үлесі өте зор.