Мен неліктен ағылшын тілінің маманы болдым

Менің бала кезімде ұстаз болу-әр баланың арманы болатын. Оған себеп- бізге сабақ берген ұстаздарымыздың әсерінен болар деймін

Автор: Азимбаева Балжан Нурболатовна

Журнал «Просвещение». Выпуск №4 (6)

Фрагмент для ознакомления

Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ Абай Менің бала кезімде ұстаз болу-әр баланың арманы болатын. Оған себеп- бізге сабақ берген ұстаздарымыздың әсерінен болар деймін. Менің сынып жетекшім, Нағима Омарқызы, бастауыш мектептегі ұстаздарым-Сандуғаш Зейнолдиновна,Мағрифа Сафиоллаевна болатын. Осы кісілер бастауышта әріп үйретіп қана қоймай, адам болып қанаттануымыз үшін зор еңбек сіңірді. Мені, әсіресе,ұстаздың ұқыптылығы,сөйлеген сөзінен сезіліп тұратын мейірімділік қатты қызықтырды. Үйге келген кезімде орындықтың арқалығына ұқыптап бас киімімді (орамал, шарф) қойып, үстелге ретімен кітап, дәптерлерді орналастырып, қалтамнан тап-таза, үтіктелген қол орамал шытымды алып, өз сыңарым Айжанға «сабақ оқыта» бастасам керек, сонда әке-шешем бірден мектептегі ұстаз әсерін аңғара қойды. Мені осынау қиындығы мен қызығы мол кәсіп иесі болуға тікелей Магрифа апай әсер етті. Еңбекқор адамның жұмсаған күшінен гөрі, бітірген ісі анық көрінбей ме? Ұстазымыз арасында домбыраны алып «Ерке сылқым», «Кеңес», «Балбырауын» күйін төгілте шерткен кезде, өз бетіммен ауылдағы өнерпаз Гулнар апайдың домбыра үйірмесіне қатыса бастадым. Осылай ұстаз болсам деген арманға құлаш ұра қызыға бастағанымда бастауышпен қоштасып, орта буынға қадам басқанда мені ағылшын тілі пәні ерекше қызықтыра бастады. Кез келген ортада жылы әрі достық қарым-қатынас орнатып, баршаны қарапайымдылығымен, өнерімен бірден баурап алатын Гуля апайымыз ағылшын әріпінің жазылуы мен айтылу, естілу ерекшеліктерін үйрете бастады. Осы тілдің әуездігі, келешекте қарым-қатынас, жаһандану әлеміне жол ашатын бірден-бір қажет ілім екенін сезіп қана қоймай мен осы ағылшын тілі маманы болуды қаладым. Анам қаншама қазақ тілі мен әдебиетіне бағыттаса да, ішкі жүрек қуысында тылсым бір күш мені шет тілдерге деген құштарлықтан ажырата алмады. Мен Гуля апайдан топтық жұмыс, сыни ойлауды дамыту, ойын элементтерін қолдану арқылы өткізген сабақтары арқылы өз бетіммен іздену, дарынды балалардың қабілетін ашу мүмкіндігін игердім. Қазір сабақ барысында сыныптағы әр баланы-тұлға ретінде танып, сабақтан тыс уақытта жеке, шақырып, бірнеше жеңіл, қызықты тақырып ұсынамын да, осыған өздігінен мысалдар ізденуді тапсырамын. Мысалы: Дүкендегі ағылшынша атаулы тәттілерді теру, теледидардан ағылшынша аталған хабарлар, «Бенефис шоу» т. т. Сусындар атауын іздеп жазып келуді тапсырғанымда 7-8 сынып оқушылары Маутбеков Мирас, Несиетов Рахат көп қиналмастан дүкен сөрелері мен теледидардан аталған атауларды жазып, фотосуретке де түсіріп әкелді. Енді жобаға жоспар құрып, атаулардың сөздіктен қазақша-орысша құсқасын іздеген оқушылар, ағылшын тілінің қолданылу аясының кеңдігін көре келе осы пәнге еркеше құлшыныспен кірісіп те кетті деуге болады. Университет қабырғасында ғылыми-ізденіс, жоба, шығармашылыққа құштар мен үшін оқушының өз бетімен жұмыс істей алу қабілетін дамыту, ізденіс, еркін түрде ойларын ортаға салуға баулу онша қиынға түспеді десем де болады. Аталған ізденіс тобындағы балалардың қазір түрлі марапаттарға ие болуы ата-ана, ұстаз, мектеп үшін де абырой деп ойлаймын. Қазіргі кезде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Өйткені, мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Бұрын оқу үрдісінде мұғалім басты рөл атқарған болса, қазір оқушының белсенділік көрсететін кезі туды. Сабақ мұғалімнің емес, оқушының іс-әрекетімен бағаланады. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптасытыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын технологиялар баршылық. Солардың бірі сын тұрғысынан ойлау технологиясы. Ағылшын тілі сабақтарында бұл технологияны пайдалану өте тиімді болып отыр. Назарбаев зияткерлік мектебі мен Кембридж университетінің бірлесіп жасаған бағдарламасы бойынша Зайсан қаласында әр ай сайын ұйымдастырылған 3 айлық курстан жаңа әдіс-тәсіл негізінде білім алдым. Осы кезеңде жеті модуль аясында білім алып, үйренгенімді өз тәжірибемде байқап көрдім. Мектепте оқытуға өзгеріс енгізу барысында осы идеялардың тиімділігін байқадым. Мен сабақ беруде жеті модульді қолдана отырып, терең түсінуге тырыстым. Осы жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, өткізген сабақтарым өзгеше болды. Себебі, тапсырмалар сабақ барысында оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйрету, білім беруде ақпараттық–коммуникациялық технологияны пайдалана отырып сабақ жүргізу, - дарынды және талантты балалардың қабілеттерін ашу, оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдерді қолдану, сыни тұрғысынан ойлауға үйрету, бойынша ұйымдастырылды. Сабақ үнемі топ ережесін еске түсірумен басталып отырды. Оқушылардың топтық жұмысқа толық тартылуын бақылап отырдым. Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушыға бағытталған тәуелсіз оқуға тәуекел ету оқытуға біраз өзгеріс енгізілді. Жалпы, сыни тұрғыдан ойлау технологиясын ағылшын тілі сабақтарында қолдану өте тиімді болып табылады. Сабақ барысында оқушының қызығушылығы жоғарылайды, топтық жұмыс кезінде сабаққа қатыспайтын оқушы болмайды. Оқушылар өз бетінше жұмыс жүргізуге үйренеді. Сыни ойлаудың ең басты мәселесінің бірі-оқушының өз бетімен жұмыс істей алу қабілеті. Оқушылар еркін түрде ойларын ортаға салады. Мұғалім оқушыға білім беріп қана қоймай, оқушыны ізденіске сыни ойлауға, зерттеуге, өз бетінше білім алуға тартып, тұлға ретінде тәрбиелеу керек деп түйдім. Еккен егінін диқан қалай суарып, өсірсе, бағбан бау-бақшасын жатпай-тұрмай баптап, күтеді. Ал,елдің, ұлттың еккен егіні де, бау-бақшасы да, -ұранын ұлықтап, туын көтеріп тұратын ұрпағы. Сондықтан, ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесінде ешқашан да жүрдім-бардым қарауға болмайды. Иә, ұстаздық ету, -уақыт ұту емес, өзгенің уақытын аялау, өз уақытынды аямау»,-деген Шығыс ғұламасы. Бұл-ұлағатты сөз қымбат, асыл уақытын біздің бойымыздағы қасиеттерді дер кезінде танып, ашуға, дамытуға арналған осынау барша ұстаздарыма арналғандай. «Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекеттік тіл-мемлекет құрушы ұлттық тіл, ал орыс тілін білу -ұлы байлық. Ағылшын тілі ілгерушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны үйренуге тиіспіз»-деген Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік пікірі бүгінгі күні өміршендікке ұласқаны даусыз. Еліміздің өркениетті ел қатарында қосылып, дамуы Елбасымыздың арқасында іске асып жатыр. Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы егемендік алған еліміздің жаңа даму кезеңінде, оның дүние жүзілік аренаға шығып, басқа елдермен саяси –экономиялық мәдени қатынастарды қалыптастыруы, Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы, әртүрлі дипломатиялық қызмет атқаруы-ағылшын тілінің рөлін көтеруді қажет етеді. Тәуелсіздікке қол жеткеннен бері әлемдегі көптеген елдермен саяси-әлеуметтік, экономиялық және мәдени байланыс жасауға кеңінен бет бұрдық. Бұл қарым-қатынасытың нәтижелі болуы, ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ынтымақтасқан бірлігін өркендетуге тіл білудің мәні күн арта түсуде. Көптілділікті оқыту- жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін бүгінгі ең басты қажеттілік. Қазақ халқының «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген мақалы- «Үштұғырлы тіл» саясатын жүргізудің негізі бола алады. Ал, А. П. Чеховтың «Шет тілін білмеген адам, өзін паспортсыз жандай сезінеді»-, деген қанатты сөзі, бір тілмен шектелген адам өзін еркін, бостандықта жүргенін сезіне алмайтынын нұсқап отыр. Ендеше, «Үштұғырлы тілді» меңгеру-еркіндіктің, бостандықтың бүкіл әлем бойынша жүріп тұрудың кепілі. Сондықтанда мен осы пәнді, осы мамандықты қалағаныма өкінбеймін. Себебі, ол-бала күнгі балғын арманымның бірте-бірте жүзеге асқаны. «Әсемпаз болма,әрнеге, Өнерпаз болсаң арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге Кетігін тап та,бар, қалан»- деп жырлаған Абай атамыз, адам дүниеге келгеннен кейін осынау өмірде өзіне бір ілім-білім немесе кәсіп түрін таңдауда белгілі бір орында өзіңді қажеттілікке үлес қосатындай болуды таңдасаң, тағы да ұлы ақынның мына тағылымы есіңде жүруі қажет деп білемін. «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегін кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға». Иә, ұстаз еңбегі ешқашан далаға кетпейтін еңбек, өйткені дана да, батыр да, әнші де, ұшқыш та ұстаз алдынан, жалықпай үйрететін еңбекқор ұстаз алдынан тәлім алмай ма? Үйренсем, білсем деген шәкіртпен оңаша қалып көріңізші?! Не деген қуаныш, не деген рахат сәт! Баланың құлшынысы, көзіндегі жарқыл, ынтызарлық-айналаңды ұмытып, бар жан-тәніңмен түсіндіре бастағанда әлгі оқушымен өткізген санаулы уақытың керемет қуанышқа бөлейді. Осыдай бір сәтте өзімнің осы мамандықты таңдағаныма тағы бір мәрте риза болам «Менің атым Қожа» фильмінде мектеп директоры «Біз баланың бойынан тек жамандық іздемейік. Баладан бір ұшқын көрсек, соны үрлеп, лаулата білуіміз керек еді, әттең, бізде сол жетіспей жатыр»-деп, Майқанова сынды жас ұстазға ренжіген сәті маған үлкен әсер етті. Рас, әр мектепте Қожа тәрізді балалар бар. Соны жекелей тұлға ретінде қарап, ерінбей зерттеп, бала немен әуес, кіммен дос, отбасы қандай орта деген сияқты зерттеу жұмысын жүргізе келе, өзіндік тіл таба білсек, кез келген баланың жүрек түпкіріне бойлай отырып, жылтыраған ұшқыннан отты үрлеп, лапылдап жағуға болары сөзсіз. Қазіргі уақытта, талабы өте жоғары ағылшын тілін күнделікті оқып, үйрену арқылы, білгенімді жас ұрпақ бойына сіңіретін, үйретуден жалықпайтын ұстаз болуды таңдау мақсатым да осыдан туындаса керек. Баланы сүйіп, бойымдағы барымды бере білсем, алдыңғы толғын ағалар мен апайлар жолын жалғастыра алсам-мен үшін одан артық мәртебе жоқ деп білем. Мендегі мақсат-бала тілін ұстартып, көкірек көзін ашу. Оқушыға тіл заңдылығын,әсіресе, ағылшын тілін меңгеру қажеттілігін жан-жақты ұқтыруға тырысамын. Бүгін елімізде жұмысқа қабылданғанда ағылшын тілін білетін жастарға ерекше құрметпен қарайтындығы, кейбір шет елдік компанияларда бұл тіпті талап ретінде қарастырылып жатқаны өтірік емес. Бесаспап,яғни,әмбебап маман болам десеңіз, өз ісіңіздің іскері болам десеңіз, оған ағылшын тіліңсіз айналып бару мүмкін еместігін, лингвистика ғылымында, көп тілді білетін адамның ойлау аумағы, ой-өрісі кең болатыны дәлелденгендігі сабақ бастар алдында топтық-сұрақ жауаптар арқылы да ескертіледі. Көп тілді меңгеру-адамның мінезіне де, карьерасына да, өміріне де оң әсер ететіні, өзге тілді білу жаңаша ойлауға және бұрынғы қалыптасқан пікірлеріңізді одан ары дамытуға үлкен септігін тигізері анық. Күні кеше Алматыда бастау алған Универсиаданың ашылуындағы үш тілде хабарлау үрдісі, шетел қонақтарының осы тілде құттықтаулары-тіл білудің маңыздылығына тағы бір мысал