Үйлесімді тұлғаны қалыптастырудағы білім мен тәрбиенің ынтымақтастығы

Бұл мақала жаңа заман мұғалімінің білім беру мен тәрбие үрдісіндегі жұмыс ерекшеліктері туралы. Мақалада оқушылардың әртүрлі пәндер бойынша танымдарының дамуына әрі олардың бір пәннің айналасында тоғысуына мүмкіндік беретін кіріктірілген сабақ технология

Автор: Калмурзина Фиуа Талаповна

Современные инновации в образовании

Фрагмент для ознакомления

Сізді еліміздің білім беру саласындағы жаңалықтар мен оның сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар қызықтырады ма? Әрине, бұл сұрақтар бізді бежай қалдыра алмайды. Себебі, біріміз ата-ана ретінде, біріміз оқушы немесе ұстаз ретінде осы саладағы жаңалықтарды қалт жіберіп алмауға тырысамыз. Мейлі кім болсаңызда, Сіз ең алдымен Қазақстанның азаматысыз! Олай болса, Сізді еліміздің ертеңі, болашағы және сол болашақтың төл өкілі- жастардың білімі, тәрбиесі алаңдатады деп ойлаймын. Еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде үздіксіз даму үстінде келе жатыр, оның ішінде білім саласыда бар. Қазіргі таңда білім жүйесінде оң өзгерістер байқалады. Сапалы білім беру, мұғалім мен мектеп бітірушінің келбеті жаңа үрдістерге бейімделген. Кәсіби маман өз уақытының талабына сай болуы үшін үнемі білімін жетілдіріп, ізденісте жүреді. Себебі қазіргі уақыт- индустриалды-инновациялық даму заманы, технология мен кәсіби шеберліктің заманы. Ұстаз бүгінгі мектеп оқушысының ертеңгі салауатты, білімді, әлеуметшіл, қоғамдық ортада өз орнын таба алатын, көзқарасы мен талғамы бар тұлға болып өсуіне көп еңбек етеді. Қазіргі заманғы ұстаздың білім беруде де, тәрбие беруде де ұстанымы айқын, ол Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «2050 Ұлттық бағдарламасында» айшықталған. Онда Елбасы: «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз». Мәңгілік Ел- елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі»- деген болатын. Жастар бойына Отанды сүю, тарихыңды сыйлау, оны білу және сол отандық іске өзіңнің біліміңмен, спорттағы көрсеткішіңмен, ел азаматы ретінде қандай да бір кішкентай үлесіңді қосу парыз деген қасиетті орнықтыру ұстаздың ізгі мақсаты. Елбасымыздың «100 нақты қадам» - Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспарында «Болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру», «Мәңгілік ел» идеясы негізінде «қазақстандық біртектілікті» одан әрі нығайту маңыздылығын айтады. Еліміздің Президенті «Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» деді. (Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2017 жылғы 31 қаңтар «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік») Мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланың қиялы ұшқыр, ал оның бойындағы білім алуға деген ынта –қызығушылығы зор болып келеді. Осы жақсы қасиеттерді өшіріп алмау көп жағдайларда ұстазға байланысты. Олай болса, ұстаз тек білім беруші ғана емес. Ол ой-өрісі кең, бағыттаушы, жаңашыл, өнеге көрсетуші адам. Осы салада жүрген өз ісінің шебері оқушысының бойындағы білімге деген ынтаны өшіріп алмау үшін бір білімімен шектелмейді, ол үздіксіз даму мен іздену жолында жүреді, көп оқиды, тәжірибе алмасады, біліктілігін көтереді, білім саласында кездесетін түрлі инновациялық оқыту әдістеріне жүгінеді. Оқытушы білім беруде оң нәтижеге қол жеткізу үшін түрлі технологиялар мен оқыту парадигмаларын қолданады. Интерактивті әдістердің көмегімен оқушылардың бірлесіп еңбек етуінің нәтижесінде білімнің сіңірілуі ынтайлы. Инновациялық оқыту әдістері оқушының танымдық қабілетін оятады, оқу материалын жүйелеуге, қорытындылауға, талқылауға, сыныптастарымен бір тақырып төңірегінде дискуссия жүргізе білуге үйретеді. Жаңаша оқыту үрдістерінің баланы өзін- өзі тәрбиелеуге, өзіндік жұмыс жүргізуге, шешім қабылдауға септігі бар. Қазіргі таңда инновациялық оқу әдістерінің түрлері өте көп - модульдік оқыту, проблемалық оқыту, проектік оқыту әдістері т. с. с. Инновациялық технологиялардың түрлері жетіп артылады- ойын, қималық, дифференциалды оқыту технологиясы, зерттеу топтық жұмыс т. б. Инновациялық оқыту әдістерінің басты ұстанымы - креативті ойлау, шығармашылыққа бағытталған, ақпаратты игеру, түрлі қырынан терең ойлау, таңдау жасай білу. Саналуан технологияларды қолдану барысында оқушылардың жас ерекшелігін, білімнің меңгерілу деңгейі мен кезеңін, тақырыптың ерекшелігін ескерген жөн. Әр инновациалық оқыту әдісінің өзіне тән артықшылықтары бар. Солардың ішінде мен кіріктірілген сабақ технологиясына ерекше тоқталғым келеді. Бұл технология бір қарағанда ғылымның әр саласындағы пәндерді сабақта үйлесімді пайдалануға мүмкіндік береді. Кіріктірілген сабақтың ұтымды жақтары: • Бала өзін қоршаған біртұтас әлемнің өзара тығыз байланысты түрлі бөлшектерден тұратынын танып- біледі. • Кіріктірілген сабақтар оқушылардың бойындағы мүмкіншіліктерінің ашылуына өз септігін тигізеді, атап айтқанда-оқушының білімге деген ынтасы оянып, белсенділігі артады, ізденеді, салыстырады, түйіндейді, шешім жасайды, сыныптастарымен ой бөліседі, логикалық ойлау мен жүйелі сөйлеу дағдысы дамиды. • Жұмыс түрінің алуандығы мен оның дер кезінде ауысып отрыуы оқушыны шаршап-зерігуден сақтайды • Оқушының ой-өрісі кеңейеді, өзін сан қырлы, көп келбетті, түрлі-түсті, алайда өзара тығыз байланысты біртұтас әлемнің бір бөлшегімін деп түсінеді • Бір сабақтың шеңберінде өнер, мәдениет пен ғылым саласынан қосымша ақпарат алады • Сабақ барысында оқушының бойында толеранттылық, шешім қабылдауда тәуекелге бару, көпмәнді жағдаяттарда шығатын жолды көре білу Ал кіріктірілген сабақтың құрылымы оқу материалының мүмкіндігінше ықшамдалып берілуі, сабақ кезеңдерінде кіріктірілген пәндердің логикалық біртұтастықты сақтауымен және оқулықпен шектеліп қалмай, қосымша деректерді пайдаланумен ерекшеленеді. Кіріктірілген сабаққа жоспар құрғанда ескеретін жайттар: • Бұл сабақтың түрінде кез-келген 2-3 пәнмен байланыс болуы мүмкін • Байланыстағы пәндердің сабақ мазмұны негізгі пәннің алға қойған мақсатының ашылуына өз септігін тигізуі шарт Күрделілігі- алдымен оқытушының қосымша ізденуі керек, уақытты қажет етеді, сабақ материалын дұрыс құра білу, кей жағдайда пән мұғалімдерінің қатысуы, сол себепті олардың сабақ кестелерінің сәйкестендірілуі ойластырылады және олардың іс-әрекеттері түбегейлі сараланған болуы керек. Кіріктірілген сабақтардың ұстанымдары- 1. Талқыланатын тақырыптарда оқушылардың барлығы пәнаралық байланысты қолдана алатындай мүмкіндіктері болуы. 2. Әрбір оқушы бірлескен оқу формасына қатысуы керек, онда іскерлік және ісмерлік дамиды, бұл қасиеттер топтың да, жеке тұлғаның да қабілеттерін интеграциялайды. 3. Мәдениеттің көптүрлілігі дәстүрге деген құрметті тәрбиелеуде, оны сақтауда маңызды. Адамзаттық құндылықтарды, тұлғалық құндылықтарды сыйлауға баулыса, сонымен бірге қоғамдық проблемаларды талқылауда барлығының бір іске жұмылдырып, әртүрлілікті еңсеруге мүмкіндік береді. Тарих - қоғамдық пән болғандықтан барлық пәндермен дерлік пәнаралық байланысты орната алады. Кіріктірілген сабақ әдісін тәжірибеде қарастырып көрейік. Мысалы, 6-сынып, Ежелгі дүние тарихы. §11. Ежелгі Бактрия. Сабақ типі- алған білімді тәжірибеде қолдану. Негізгі формасы- проекті қорғау. Сабақ құрылысында мына кезеңдер ескеріледі: ұйымдастырушылық, мақсаттың айқындалуы, үй тапсырмасын пысықтау және алатын білімді белгілеу. Тапсырмаларды орындауда білімі, біліктілігі, атқарылған жұмыстың есебін беру. Оқушылардың үй тапсырмасын алуы. Сабақтарда балалар эксперимент жасайды, зерттейді, ізденеді әрі ғылыми көзқарастары қалыптасады. Бұл тақырыпты ашуда география, химия, әдебиет пәндерімен, тіпті АӘД пәнімен байланыс орнатуға болады. Оқушыға тақырып қызық және есте сақталатындай көркем. Неге десеңіз, сабақ үстінде оқушы Бактрияның жер бедері, өзен-көлі, таулары, өсімдік, жан-жануар қоры, этносы, салт-дәстүрі, жалпы этнографиясы туралы білімін географияның көмегімен толықтырады. Лазурит, агат, тау хрусталі, сердолик, алтын, күміс сияқты қазба байлықтардың қасиеттерін, қайда қолданылатынын химия пәнінің көмегімен түсінеді т. с. с. Сабақта оқушы Бактрияны «Авестада», Фирдоусидің «Шахнама» дастанында да «Тулары биік көтерілген ел», патшаларын «мың қаланың билеушілері» деп атайды. Балалар сондай қалалардың бірі- Ай-Ханум қаласын «аршып алады», қазба жұмыстары кезінде табылған заттар Бактрияның сол уақытта қаншалықты стратегиялық маңызды роль атқарғанын, ол туралы айтылғандардың қаншалықты ақиқат екендігіне деректер іздейді. Инновациялық сабақтар тақырыпты түрлі қырынан алып қарастыруға мүмкіндік береді, сабақты жандандырады, дәстүрлі сабақтан сонысымен ерекше. Оқушы бүгін қалай жұмыс істейміз деп қызығушылықпен және оқуға дайындықпен келеді. Қазіргі оқушының талғамы да, білімге деген көзқарасы да бұрынғы кезеңдегідей емес. Жас жеткіншек есіне толып жатқан ақпараттарды тықпалай бергенді қаламайды, іс жүзінде сараптап қажеттісін, жарайды-ау дегенін ғана алып қалады. Бұндай ақпараттарды қайдан, қалай алуға болатынын көрсеткен дұрыс. Яғни, қазіргі оқу ордасы дайын білімді беріп қоя салуға емес, оқушының өзіндік жұмысы кезіндегі тәжірибе жинақтауына бағытталып отыр. Ол дайын білімді қабылдап алғанына масаттанбайды, өзім қол жеткізсем дейді. Өз күшімен алған білім нәтижесіне толық қанағат сезімі пайда болады, өзіне деген сенімі берік болады. Кей сәттерде оқытушы мен оқушы өзара серіктес. Дәстүрлі емес сабақтарға- зерттеу, тілші, семинар, конференция, турнир сияқты сабақ түрлерін мысалға келтіруге болады. Бұндай сабақтарда оқушының сөйлеу мәнері, өзін ұстауы, сөз саптауы кеңейеді және қоғам құндылықтарын, қоғам ішіндегі нормалар туралы түсінік алады. Ал оқытушының білім беру сапасы көтеріледі. Бұл жерде ең алдымен мынаны ескерген дұрыс: 1. «Істің түзу басталуы жұмыстың жартылай істелгенімен бірдей»дегендей, сабақтың сәтті өтуі оның қалай құрылғанына байланысты. Ең бастысы оқытушының оқушы назарын бүгінгі сабаққа аудара білуі маңызды. 2. Одан балаға бүгінгі сабақтан не күтілетінін түсіндіру. Қорытынды нәтиженің ең алдымен мұғалімнің өзіне айқын және миға сыйымды, қол жеткізуге мүмкін нәтиже болуы маңызды. Оқушылар арасында сабақ процесінде өзіндік тәртіп нормасы қалыптасады, бірлесіп жұмыс атқару, өзгенің пікірін сыйлау, өз үлесін қосу, сөз тыңдау этикетіне дағдыланады. 3. Сабақтың өзектілігі -тақырып идеясын оқушыға жеткізуде әрі оған қолжетімді етуде. 4. Оқушыларға міндеттерін жан-жақты түсіндіру және жұмыс үрдісін бақылауда ұстап отыру. 5. Қорытынды нәтиже. Оқушылардың жұмысының нәтижесі тыңдалады, екшеленеді. Олар бүгінгі сабақта не үйренгенін, қандай қиындықтарға кезіккенін сараптайды. Білім беру саласында қызмет етіп жүрген кез келген маман бұл жұмыстың жұмбағы мол, сонымен қатар зейнеті көп еңбек екенін жақсы түсінеді. Ұстаз балаға тек білімді ғана беріп қоймайды, тәрбие де береді. Мінезін толық өзгерте алмайды, бірақ дұрыс жолға салады. Тәрбиесіз берілген білім- жетім. Ақыл-парасаттылық, көркем мінез, ар-ұждан қасиеттірін адамның жан-дүниесіне ұялату ата-ана мен ұстаздан. Білім ордасының қасиетті еңбегін ата-анадан бөлектеуге болмайды. Бұл бірлесіп атқарылатын еңбек. Екі жақ та қызығушылықта. Бірақ ата-ана түсінуі керек, тәртіп, талапшылдық, жауапкершілік жоқ жерде қандай да инновациялық үрдіс нәтижелі болмайды. Мектеп өз түлектерінің бойында қоғамға бейімделуіне қажетті қасиеттерді қалыптастырып дамытуда көп еңбек етуде, жетістіктер де баршылық. Дегенмен де, көңіл бөлетін мәселелер де жоқ емес. Соларға тоқтала кетейін. «Денсаулық – зор байлық» демекші оқушылар жақсы денсаулығының арқасында белсенді білім алады. Алайда соңғы кездері балалар арасында артық салмақтық пен семіздік жиілеп барады. Қазақ тағамтану академиясының көрсеткіші бойынша ересек азаматтарымыздың 56% -ы, ал 14 жасқа дейінгі балалардың 12%-ы артық салмақтық пен семіздікке шалдыққан. Бұл алаңдататын көрсеткіш. Қазіргі кейбір оқулықтар, мысалы дүниежүзі тарихы, 8 сынып оқулығы оқушының қабылдауына қиын ғана емес, ол өз бетімен дайындалуда шатасады, нәтижесінде оқуға деген ынтасы төмендейді. Кейбір оқулықты ашсаң болды жабылып қала береді, оны бір қолмен ұстап отыруға тура келеді Оқушыларымыздың басым бөлігі «Кім болам?» деген сұрақтың жауабын 11 сыныпқа жеткенше іздейді. Ал енді еңбегіміз одан да жемісті болса екен деген ниетпен төмендегі ұсыныстарымды ортаға салайын: 1. Мектептегі асхана мәзірінің оқушыларды жалықтырмайтын, ағзаға пайдалы дәрумендері бар түрлі-түрлі тағамдардан болуы 2. Оқытушы мен оқушының басты еңбек құралы- оқулық. Оқулық сапасын көтеру маңызды. Ондағы тақырыпты баяндау стилі, ақпаратты берудегі көзделетін мақсат берушіге айқын болуы шарт, көркем суреті, карта-сызбалардың қанықтылығы, саяси портреттердің сапасы өзіне әлі де болса көңіл аударғанды қажет етеді. Оқушы оқулықпен өз бетімен түсініп жұмыс істей алатындай, бала жасына сай, қабылдауға жеңіл тиетін тілмен жазылса. Кітап алдыңа ашып қоюға ыңғайлы болу үшін оның формасын өзгерткен дұрыс сияқты. Мысалы Ежелгі Қазақстан тарихы, 6-сынып «Атамұра»-2015 ж. қолға ұстауға біршама жақсы, бірақ көркемдік жағы әлі де болса жақсара түссе екен. 3. Дене тәрбиесі сабағынан денсаулығына байланысты босатылған балалар өз уақытын ұтымды пайдаланса. Мысалы: ЛФК кабинеттеріне жіберілсе. Мектептерде бассейн болса. 4. Мектепте түрлі өсімдіктерді өсіріп, баптауға үйрететін «Жасыл бұрыш» болса, ол өз кезегінде оқушыларды еңбекке, экологиялық тазалыққа, жауапкершілікке тәрбиелеп қана қоймай, олардың дизайнерлік және эстетикалық талғамын дамытады. 5. Мұғалім тек білімділігімен, тәрбиелігімен ғана емес, сонымен қатар кәсібінің ерекшелігін ескере отырып заманға сай киініп талғам мен ұқыптылықтың үлгісі болса. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев оқытушылардың қоғамдағы орнын бағалай отырып былай деген болатын: «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы адамзаттық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түйсінетін жаны да, тәні де таза, білімді, патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз». Бүгінгі жас ұрпақ ертең еліміздің дамуына өз үлесін қосатын үкілі үмітіміз. Жаңа заман мұғалімінің білім саласындағы мақсат-міндеттерін жүзеге асуына аянбай еңбек етуінің арқасында біздің түлектеріміз қоғамға рухы мықты, білімді, сыни тұрғыдан ойлай алатын, бәсекеге қабілетті азамат ретінде келеді. Қолданылған әдебиеттер: 1. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар 2015ж. 2. «100 нақты қадам» Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 2015 жылғы 20 мамырдағы бағдарламасы. 3. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 4. Инновациялық технологиялар –«Өрлеу» білім-ғылым технология порталы. 5. Оқу бағдарламалары- Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сайты.