Студент жастардың психологиясы

Студенттер-жоғарғы оқу орындарында ұйымдасқан, біріктірілген өзіндік ерекшелігі бар жастар қауымдастығы, ерекше әлеуметтік топ. Әлеуметтік психологиялық тұрғыдан студенттер халықтың өзге топтарымен салыстырғанда білім деңгейінің, мәдениет мұраларын пайдаланудағы белсенділігімен және танымдық деңгейінің жоғарлылығымен ерекшеленеді. Жеке істестік барысында студент белсенді, өздігінен өз ісін ұйымдастыра алатын, педагогикалық қарым-қатынас субъектісі ретінде қарастырылады. Оған танымдық және белгілі бір кәсіби бағытталған міндеттерді шешуі, қарым-қатынастық белсенділік ерекшеліктері тән. Студенттер үшін негізгі оқу формасы таңбалы контекстік болып табылады.

Авторы: Алимкулова Айгерим Сериковна, Керімбаева Рысты Қалдыханқызы

Журнал «Педагогический мир Казахстана». Выпуск №6(18)

Фрагмент для ознакомления

Студенттік жас (18-25) адам өмірінің ерекше бір кезеңі. Оның ерекшелігінің өзі тұлға дамуының жалпы мәніне және негізгі заңдылықтарына сай 18-ден 25-ке дейінгі жас аралығы адамның кемелдену, толысу кезеңінің бастапқы жылдары деп саналады.

Студенттер мәселесі ерекше әлеуметтік психологиялық және жас ерекшелігі сатысында қойылуының өзі көрнекті совет-орыс ғалымы Б.Г.Ананьев мектебінің еңбегі. Б.Г.Ананьевтің өзінің зерттеулерінде және оның шәкірттері Н.В.Кузминаның, Ю.Н.Кулюткиннің, А.А.Реанның және басқалардың еңбектерінде осы мәселелерге қатысты көптеген эмпирикалық материалдар, бақылау мен сынақ нәтижелері және теоретикалық жинақтаулар бар. Осындай көптеген зерттеулер нәтижесі студенттің оқу ісінде әлеуметтік-психологиялық және психологиялық-педагогикалық тұрғысынан ерекше субъекті ретінде мінездеме беруге мүмкіндік тудырады.

Студенттер-жоғарғы оқу орындарында ұйымдасқан, біріктірілген өзіндік ерекшелігі бар жастар қауымдастығы, ерекше әлеуметтік топ. Бұл әлеуметтік кәсіби категория тарихи тұрғыдан XI-XII ғасырларда алғашқы университеттер пайда болған кезеңдерде қалыптасқан. Студенттер қатарына тынымсыз оқу әрекеті арқылы, білімді жүйелі түрде меңгеруге ұмтылған жастар қосылады. Әлеуметтік топ ретінде олар кәсіби бағытталған өзінің болашақ мамандығына тұрақты қатынасы қалыптасқан, яғни кәсіби таңдауының дұрыстығына толық сенімді және мамандығы туралы толық түсінігі бар дегенде, студенттің болашақ мамандығына сай туындайтын талаптар мен шарттылықтар білімін қарастырады. Зерттеулер нәтижесі студенттің мамандығы жайында түсінігінің деңгейі оның оқуға қатынасына сай келетінін көрсетеді: яғни ол өз мамандығы жайында неғұрлым аз білсе оқуға да салғырт қарайды.

Әлеуметтік психологиялық тұрғыдан студенттер халықтың өзге топтарымен салыстырғанда білім деңгейінің, мәдениет мұраларын пайдаланудағы белсенділігімен және танымдық деңгейінің жоғарлылығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар студенттер интеллектуалды және әлеуметті толысуы үйлескен, әлеуметтік белсенділігі өте жоғары топ болып сипатталады. Студенттердің осы ерекшеліктерінің негізі мұғалімнің әр студентке серіктесі тәрізді, тартымды тұлға ретінде қарап, онда педагогикалық қарым-қатынасты орната білуінде.

Жеке істестік барысында студент белсенді, өздігінен өз ісін ұйымдастыра алатын, педагогикалық қарым-қатынас субъектісі ретінде қарастырылады. Оған танымдық және белгілі бір кәсіби бағытталған міндеттерді шешуі, қарым-қатынастық белсенділік ерекшеліктері тән. Студенттер үшін негізгі оқу формасы таңбалы контекстік болып табылады.

Адам өмірінің осы кезеңдегі дамуы, белгілі бір экономикалық тәуелсіздіктің қалыптасуымен ата-ана үйінен бөлініп жеке отбасын құруымен сипатталатын студент үшін, әлеуметтік-психологиялық зор маңызы бар.

Студенттік кезең адамның жан-жақты жетіліп тұлға ретінде қалыптасуының негізгі кезеңі. Бұл спорттық рекордтар, мәдени техникалық және ғылыми жетістіктерге қол жеткізетін айтулы шақ, адамның болашақ маман ретінде әлеуметтік белсенділігі артатын яғни жоғары мектеп мұғалімдерінің студенттермен қарым-қатынасы ерекшеленетін кезең.

Б.Г.Ананьев мектебі зерттеушілері куәландырғандай, студенттік жас бұл интеллектінің күрделі жүйелену кезеңі. Ол әр адамның өзіне ғана тән және вариативті. Адамның осы жасқа тән интеллектісінің мнемологиялық (зерделеу) ядросы шарықтау немесе оптимум функцияларының әрдайым алмасуымен сипатталады.

Бұл оқу тапсырмаларының бір мезгілде түсінуге, қорыта ойлауға, өтілген деректердің студент жадында жүйеленіп сақталуына және қажеттілікте мақсатты бағытталуына арналатынын көрсетеді. Мәселенің осылай қойылуы көптеген оқу-әдістемелік тәсілдерде көрініс табуда. Яғни, оқытылған ақпараттардың студент жадында түсініп қалдыруы, сақталуы және күрделі міндеттерді шешуге пайдалануы тығыз байланыста болады. Студенттердің танымдық іскерлік белсенділігін арттыру оқу ақпараттарын есте сақтап, қайталап отыруды ұйымдастырумен қатар жүреді.

Оқу ісін негізгі екі мақсат-ниетпен сипаттауға болады: қол жеткізу және танымдық.

Соңғысы адамның оқу-танымдық іс-әрекетінің оның ойлау әрекетімен сай келеді. Бұл іс-әрекет күрделі жағдайларда туындаған оқытушы мен студент арасындағы дұрыс қарым-қатынас орнату нәтижесінде өрбиді. Оқу барысында нәтижеге қол жеткізу мақсаты танымдық кәсіби мүддеге бағынады. Жастардың жоғары оқу орнында оқыған кезінде кәсіби іскерліктің негізі қалыптасады, оқыған кездегі алған білімі кәсіби мамандық құралы ретінде пайдаланылады.

Алайда, сауалнамалар арқылы зерттеулер техникалық жоғарғы оқу орнындағы студенттердің жартысына жуығында оқу орнын таңдағанда болашақ мамандығына қызығушылық мотиві болмайтынын көрсетеді. Студенттердің үштен бірі өз таңдауларына сенімді емес немесе болашақ мамандығын қаламайды.

Студенттердің оқу ісінде субъект ретінде маңызды көрсеткіші оның осы істі барлық жағынан атқара білуінде. Алайда, арнайы зерттеулер нәтижесі студенттердің көпшілігі лекцияны зейінді тыңдап жаза білмейді, қажетті әдебиеттерді конспектілей алмайды деп көрсетеді (әдетте лекцияның 18-20% ғана жазылады). Орыс ғалымы В.Т. Лисаковскийдің мәліметтері бойынша аудитория алдында студенттердің 28,8% сөйлей білсе, 18,6% ғана пікір таластырып, 16,3% мәселеге аналитикалық баға жасай алады. Белгілі бір әлеуметтік зерттеулер барысы студенттердің тек 37,5% ғана жақсы оқуға тырысса, 53,6% ұдайы жақсы оқуға тырыспайды, ал 8% жақсы оқуға мүлде ұмтылмайтыны анықталған. Ал жақсы оқуға ұмтылғандардың арасында 67,2%-ның үлгерімі төмен болған.

Кейінгі жылдардағы оқуға деген қатынастың сандық көрсеткіштеріндегі өзгерістерден студенттердің оқуға деген талаптарының толық қалыптаспағандықтарын көруге болады. Ұстаздардың алдында тұрған жауапты психологиялық-педагогикалық міндет ол студенттердің оқу іс-әрекетінде қалыптасуын, ең алдымен өз істерін ұйымдастыра білуге, жоспарлай білуге, толық білім алуға қарым-қатынас жасауға үйрете білуде. Осындай талаптардың қойылуы терең білім алу үшін белгілі бір материалдарды оқытуды жоспарлау және жаттығуларды нақты ұйымдастыруды талап етеді.

Студенттердің 1-курстағы оқу ісіне үйреніп төселуінің қиындығын еске ала отырып, жоғарыда аталған талаптарды мұғалім өзі үлгі ретінде көрсете білуі тиіс.

Студенттің жаңа құндылықтарға бағыт-бағдарын қалыптастыруда және жеке басқа тән үрейлерін сейілтуге мұғалімнің орны ерекше, студентке әлеуметтік толысқан жеке тұлға, ғылыми дүниетаным иесі ретінде қарау үшін олардың көзқарастарын тек әлемге көзқарас жүйесі ғана емес, сол әлемдегі өз орнына да деген көзқарас екенін есепке алу қажет.

Өзгеше айтқанда, студенттің әлемге көзқарасының қалыптасуы оның рефлексиясының өсуі, өзін іс-әрекеттің субъектісі-белгілі қоғамдық құндылықтардың иесі, әлеуметтік пайдалы тұлға ретінде қарауы, оқытудың диалогтық түрін қалауы, дүниеге өз көзқарастарын, мақсаттарын, өмірлік бағыттарын қорғай білуін оқу орнындағы оқу-тәрбие жұмыстары барысында әрбір ұстаз өзінің қоғам алдындағы парызы деп санауы қажет.

Авторлар:

  • «Тәрбие психологиясы» Ж. Түрікпен-Ұлы. Б. Мұздыбаева. Алматы-2008 ж.
  • «Даму психологиясы» Ш. Сатиева. Астана-2012 ж.
  • Жарықбаев.Қ. Психология. Алматы. 2006 жыл.
  • Алдамұратова Ә. Жалпы психология. Алматы. 2003 жыл.
  • Психология негіздері. Сәбет, Бап-Баба. Алматы. 2007 жыл.