Озық технологияларды пайдаланып нәтижеге жету

Мақалада жоғары оқу орнындағы студенттерге қазақ тілін оқытуға арналған әдістер мен бақылау тапсырмаларының түрлері мен бағалануы талданған. Сонымен бірге қазақ тілі сабағында интерактивті әдістерді пайдалану ерекшеліктері көрсетілген. Автор өз тәжірибесінен мысалдар келтірген.

Автор: Турусбекова Акмоншак Ермаганбеткызы

Журнал «Педагогический мир Казахстана». Выпуск №6(18)

Фрагмент для ознакомления

Қазақстанның Білім беру Заңында: Білім беру жүйесінің басты міндеттері — ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған қажетті жағдайлар жасау, - дей отырып басым міндеттердің бірі ретінде жеке адамның шығармашылық,рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерігн қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интелектін байыту – деп көрсеткен. Ал, мемлекеттік тіліміздің дамуы мен қолданылуы, дамуы үшін жан-жақты жағдай жасалып, еліміздің тіл білімі ғалымдары, лингвистер, филолог-педагогтармен қоса барлық азаматтар өз үлесін қосуда. Елбасымыздың Қазақстан халқының жолдауында «Қазақ тілі – біздің мемлекеттік тіліміз, өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады» деген бағыттарын басшылыққа ала отырып және оны жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерімізді салудамыз.

Тіл мамандарының басты мақсаты орыстілді мектептен келген студенттердің қазақ тілін сөйлесу деңгейінде, еркін деңгейде меңгеруі ғана емес қазақылыққа, потриоттыққа баулу. Университеттегі негізгі сабақтардың бәрі ағылшын тілінде өтетіндіктен, өздері орысша ойлағандықтан студенттердің қазақи болмысы мен елжандылығының орнын компьютерлік технология басып бара жатқан уақытта дер кезінде баланың діңгегіне ана тілін қалап, А.Байтұрсыновтың «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» сөздерінің алдын алуға филолог мамандардың рөлі зор. Сабақта Тарихи тұлғалар, Қазақ диплорматиясы, Отан, тіл тақырыптарға арналған сабақтарда студенттер лексикалық минимуммен қатар потриоттыққа баулитын көптеген мәліметтер үйренеді. Семестрде бір рет ұлттық мұражайға, М.Әуезовтің, А.Байтұрсыновтың мұражай-үйіне барып тарихты өз көздерімен көріп, алған әсерлерінің ұшан-теңіз екенін айтады, шығармашылық қырлары ашылады.

Қазіргі заман талабы бойынша білім берудің ақпараттандырудың негізгі талаптарының бірі – оқу үдерісіне мультимедиалық технологиялар мен коммуникативтік интерактивті әдістемелердің байланысы негізінде жасалған, оқыту және тексеру электрондық бағдарламаларды, оқулықтарды енгізу. Тіл үйренушілерге қойылатын негізгі талаптар: Коммуникацияға араласуы, әңгіме, диалог құра білуі, басталған әңгімені жалғастыру немесе дұрыс аяқтай білу, мамандыққа қатысты кәсіби терминдерді түсінуі және болашақта жұмыс барысында қолдану. Қазақ тілі сабағында осы дағдыларды игеруге арналған бірнеше тапсырма үлгілерін ұсынамыз.

1. Топ күнделігі. Сабақ басталған күннен бастап студенттер бүгінгі күн тәртібі, көңіл-күйі, көрген жаңалықтары, эмоцияларын, сабаққа дайындығын, өткен сабақтан үйренген нәрсесін, ұсыныстарын жазып отырады. Бұл аралық бақылау уақытында өзін-өзі бағалап, сабаққа дайындығын дәлелдеуі үшін таптырмайтын құрал болып есептеледі.

2. Аудио-видео есеп. Адамдардың мінез-құлқына қарай сабақта өзін-өзі ұстауы әртүрлі. Кейбір студенттер тұйық, ойын ашық жеткізе алмайтын, сұрақ қоюға қымсынатын, білетін сөздерін жеткізе алмауы мүмкін. Оқыған, үйренген, білетін мәліметтерін ауызша айтып үйрену үшін кез-келген жерде, әлеуметтік ортада болып жатқан оқиғаны видеоға түсіріп соған пікірін білдіріп, түйінін жасауға, берілген тапсырмаларды аудиоға жазып өзі тыңдап көруге, тапсырмаларды оқытушыға тапсыруға ыңғайлы, айтылым әрекетін еркін жасауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар бастауыш деңгей студенттеріне арналған мультфильмдер көрсетіліп, басқаша дыбыстау жасау тапсырмасы үйренушілердің қызығушылығын арттырып, сөйлеуге қымсынбайды.

3. Ойын түрлері. Студенттерге әрі сергіту сәті, әрі ойын, тез ойлау мен жауап беру, сөйлесім дағдыларын қалыптастыруға арналған түрлі ойын түрлерін сабақта ұсынамыз. Оның бірі мақал-мәтелдерді карточкаға жазып, бір студент таңдайды және бейвербалды іс-әрекеті арқылы көрсетеді, топқа бөлінген студенттер бірлесіп әр қимылдың қазақша атауын табады да мақалды құрастырады. Мысалы, «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген мақалда студент тілін, жерден тасты, қимылмен жару, ұру әрекетін жасап көрсетеді, мақалды тапқан топқа балл қойылады. Тарихи тұлғалардың еңбектерін білуге, есте сақтауға арналған тағы бір ойын түрін ұсынамыз. Бір студент ақын-жазушылардың суреттерін көрсетеді, қалған топтастары түр-сипатын сипаттап, туған жерін, шығармаларын айтады, сол арқылы өзі көрмей тұрған тұлғаның кім екенін табады. Бұл жерде барлық студенттер бір-бірінің айтқан мәліметтерін есте сақтап алады.

4. Заманауи ақпараттық технологияны пайдаланып, арнайы ресурстарды ұсыну арқылы студенттердің қызығушылығын арттыру. Олар: qazaqtili.el.kz, kitap.kz, adebiportal.kz, abay.nabrk.kz, тапсырмаларды қорытындылау, тест тапсырмаларын және түрлі тапсырмаларды орындауға арналған quizlet, kahoot бағдарламаларын пайдалана отырып сабақты қорытындылау. Қазақ тілі ғаламторда соңғы жылдарда ғана белең алып келе жатқанына қарамастан, өте жақсы мәліметтерді - лайфках, блогтар, әдеби жанрлардың барлық түрі, тіпті Интерактивті қазақ тілі атты онлайн, тегін курстар бар. Мұнда шығарма, эссе, мәтін түзу, мәтінге тақырып қою, жазу әдістері ұсынылады. Үйренушілердің деңгейлеріне қарай материалдар топтастырылған. Олардың мазмұны ұлттық сипатта болады. Қазақтың ұлттық киімдері, үй жабдықтары, этнографиялық атаулар мен ұғымдар, ұлттық ойын түрлері, этникалық сипаттағы ономастикалық атаулар, т.б. тақырыптарын қамтиды. Оқу құралындағы тапсырмаларды орындатып қана отырмай, интернет ресурстарынан әдеби шығармалар мен мақалаларға шолу жасап, электронды хаттар, блогтар, статистикалар, кесте, график, хабарландыру, шолу, жарнама, нұсқаулық, этикеткаларды мәтіндерді оқыта аламыз.

5. Түсіндірмелі – иллюстративтік әдіс. Педагогика ғалымдарының айтуынша суреттер, әртүрлі үлестірмелі қағаздар тек қана бастауыш сыныптардың ғана емес, үлкен жастағы үйренушілерге де ерекше әсер етеді екен. Тіліміздің негізін салушы А.Байтұрсынов та осы себепті 1926 жылы шыққан Әліппесінің жаңа нұсқасында көптеген суреттерді қамтыған. Сол сияқты үлкендерге арналған Сауат ашқышта да илюстративтік материалдар маңызды орын алған. Қазақ тілін екінші тіл ретінде үйреніп жүрген, әсіресе бастауыш топтарының студенттеріне әртүрлі суреттерді көрсетіп сөйлем құраса немесе өзі салған сурет бойынша ойын айтса есте сақтау қабілетін арттырып, ойын тез жинақтай алар еді. К.Д.Ушинский таныс емес бес сөзді қаншама қайталап қиналатын оқушы сурет арқылы көрсетілген жиырма сөзді лезде үйреніп алады деп бекер айтпаған. Он рет айтқаннан бір рет нақтылы көрсеткеннің пайдалы екеніне ешкім де таласпайды. Сондықтан қазақ тілі сабағында көрнекілік құралдарын материалды түрде де, электронды тақтадан да ұтымды қолданамыз.

Ең алғаш оқытудағы көрнекілік туралы айтып, құнды пікір қалдырған Я.А.Коменский болатын. Оның көрнекілік туралы айтқан "Алтын ережесінде": "...бала сезімі қабылдай алатын нәрселердің барлығын сезім әсерлерін туғыза білдірген жөн: көруге болатынды көзге көрсет, естуге болатын нәрсені құлақ қойып тыңдасын, иісін иіскеп білсін, дәмін татып көрсін, қолына ұстап нәрсенің қатты, жұмсақтығын, т.б. байқасын..." - деген болатын /Я.А.Коменский. "Ұлы дидактика"/. Адамның мәліметті қабылдауында көзбен көріп есте сақтау қабілеті ең жоғарғы болғандықтан, үйренуші казақ тілінен берілген білімді схема, таблица, плакат, кітап, сурет т.б. көреді, есте сақтайды, арнаулы сұрақтарға жауап іздеп, ең маңызды қасиеттерін білуге ұмтылады.

Сонымен қатар, қазақ тілі сабақтарында қатысымдық әдісін қолданып, аймақтық компонентін кеңінен пайдаланамыз.